Қазақстан • 30 Қараша, 2018

Астана процесінің кезекті раунды

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Сирия дағдарысы бойынша Астана процесі шеңберіндегі кезекті, ХІ халықаралық кездесу болып өтті. Оның қорытындысы бойынша Астана форматының кепілі ретінде Иран, Ресей және Түркия тараптары Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Астана процесінің кезекті раунды

 Мәлімдемені қарсы алушы жақ ретінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірах­манов баспасөз мәслихатында жария етті. Онда тараптар Сирия жөнін­дегі ХІ ха­лықаралық кездесуді Астанада ұйым­дастырғаны үшін Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан билігінің атына өздерінің алғыстарын білдірген. 

Сонымен қатар Бірлескен мәлім­демеде тараптар Сирия Араб Республи­ка­сының БҰҰ Жарғысы мен қағидат­тарына сәйкес егемендігін, тәуелсіз­дігін және аумақтық тұтастығының бұзыл­мауын қолдайды делінген. Осы қағидаттар жаппай сақталып, Аста­на форматында қол жеткізілген келісім­дерді бұзатын барлық әрекеттерге жол берілмеуі керек. Сонымен қатар кепіл беруші тараптар терроризмге қарсы күрес дегенді сылтауратып Сирияның егемен­дігі мен территориялық тұтас­тығына қол сұғатын сепаратистік әрекет­терге қарсылық білдіруге келіс­кені жарияланды.

Мәлімдемеде тараптардың 2018 жылдың 30-31 шілдесінде соңғы рет кездескеннен бергі Сириядағы жағдайдың қалай дамығаны талқыланғаны айтылып, қол қойылған шартқа сәйкес үшжақты үйлесімділікті нығайта беруге келісілгені де сөз болған. Сонымен бірге Идлиб деэскалация аймағын­дағы жағдай талқыланып, ондағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі Меморандумның орындалуына тараптар дайын екендігі атап көрсетілген. Атысты тоқтатудың маңыздылығы да аталып, алайда деэскалация аймағын құру Сирияның тәуелсіздігі, егемендігі және аумақтық тұтастығына қол сұқпауы керектігі айтылған.

Тараптар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі терро­рис­тік ұйымдар деп таныған ИЛИМ, «Джабхат ан-Нусра» және басқа да «Әл-Каидамен» байланысы бар адамдар мен ұйымдардың жойылға­нын қалайды. Ал Сирияның барлық қару­лы оппозициясының құрылымдарын бұл ұйым­дардан іргесін аулақ салуға шақы­рады. Сирияда химиялық қару қол­данылғаны айыпталып, тараптар осы оқиғаға байланысты кәсіби тек­серісті халықаралық Химиялық қару­ды қолдануға тыйым салу жөніндегі ұйым­ның жүргізгенін қалайды. 

Сонымен бірге тараптар Жұмыс тобы шеңберіндегі қанатқақты жобаның негізінде тұтқындар алмасылғанын, өлген­дердің мәйітін беру жұмыстары­ның жүрг­ізілгенін қолдайды. Ал бос­қын­дар­дың Отанына оралуына барлық қауіпсіздік жағдайлардың жасалуын қолдайтындығы да айтылған. Сондай-ақ Мәлімдемеде тараптар БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы өкілі С.де Мистуреге кикілжіңді реттеу бағытында жасаған жұмыстары үшін алғыс білдірген.

Сөйтіп кезекті кездесу аяқталды. Ал келіс­сөздердің келесі раунды 2019 жыл­дың ақпан айында Астана қала­сында өткізілсін деген шешім қабылданды. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»